МӘМС жүйесіндегі жеңілдік жасалған кезең 2020 жылғы 1 шілдеге дейін ұзартылды. Бұл өзгерістің халыққа пайдасы бар ма, төтенше жағдай жарияланған кезде отандық кәсіпкерлерге қандай жеңілдіктер жасалды, осы сұрақтарға толығырақ Қордың сараптама және болжау департаментінің аға менеджері Ақтолқын Сұлтанова жауап берді.
ЖЕҢІЛДІК ЖАСАЛҒАН КЕЗЕҢ
Бұл кезеңде ел азаматтары МӘМС Қорына аударымдар мен жарна төлеген-төлемегеніне қарамастан, жаппай міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде шартты түрде сақтандырылған деп есептеледі. Яғни, 1 шілдеге дейін әрбір адамға ТМККК және МӘМС пакеттері бойынша медициналық қызметтер тегін және толық көлемде көрсетіледі.
Алайда, азаматтар мен жұмыс берушілер ай сайын міндетті төлемдерді төлеуі қажет. Егер адам қандай да бір себептермен медициналық сақтандыру жүйесіне қатысу үшін төлем жасай алмаса, жеңілдік кезеңі өткеннен кейін ол сақтандырылмаған болып есептеледі және медициналық қызметтерді тек бір пакетте – тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі бойынша ғана ала алады. Жүйеге әріқарай қатысып, сақтандырылған мәртебесін алу үшін 2020 жылғы 1 қаңтардан бастап, яғни МӘМС пакеті бойынша пайдаланылған қызметтердің 6 айлық ақысын төлеу қажет.
КІМДЕР МӘМС ЖАРНА ТӨЛЕУДЕН ТОЛЫҚ БОСАТЫЛДЫ ЖӘНЕ ҚАНША УАҚЫТҚА?
Ірі бизнестің 10 санаты – 1 шілдеге дейін, шағын және орта бизнестің 29 санаты – 2020 жылдың 1 қазанына дейін босатылды. «Экономиканы тұрақтандыру жөніндегі одан арғы шаралар туралы» ҚР Президентiнiң 2020 жылғы 16 наурыздағы № 287 Жарлығын салық салу мәселелері бойынша iске асыру туралы ҚР Үкіметінің 2020 жылғы 20 сәуірдегі № 224 Қаулысына сәйкес кәсіпкерлер аталған кезеңде жалдамалы қызметкерлер үшін аударымдар жасамайды және осы аралықта оларда берешек болмайды. Ал кәсіпорындардың қызметкерлерінде сақтандыру мәртебесі сақталады. Нөлдік ставкамен салықтық есеп тапсырған жағдайда, кәсіп иесіне жарна төлемегені үшін өсімақы мен айыппұл да салынбайды. Ұлттық экономика министрлігінің болжамдық есептері бойынша, 923 мың адам төлемнен босатылды.
Сондай-ақ, эпидемияға қарсы іс-шараларға қатысқан медицина қызметкерлеріне 2020 жылғы 1 наурыздан бастап төленетін үстемақыдан да міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру үшін жарна ұсталмайды.
- Ірі бизнестің қай түрі МӘМС төлем жасаудан босатылды?
Үкімет қаулысымен бизнестің 10 түрі топтастырылды. Оған автомобильдердің, жеңіл автокөлік құралдарының, мысалы, мотоциклдің, автомобиль бөлшектерінің және сауда алаңы 2 мың шаршы метрден аз және одан көп сауда объектілеріндегі керек-жарақтардың бөлшек саудасы, жол бойындағы техникалық қызмет көрсету станциялары өндірісінен басқа автомобильдерге техникалық қызмет көрсету және жөндеу қызметі кіруі мүмкін. Дәріханалар, тамақ өнімдері, сусындар мен темекі өнімдерінің саудасын қоспағанда, ірі сауда желілеріндегі, стационарлық сауда объектілеріндегі, сауда объектілері болып табылатын мамандандырылмаған дүкендердегі бөлшек сауда да жатады.
Ірі бизнеске әуе жолаушылары көлігінің қызметі, қонақ үйлер мен ұқсас қызмет көрсету, мейрамханалар және тамақ өнімдерін жеткізу бойынша қызмет, меншікті немесе жалға алынған жылжымайтын мүлікті жалдау және басқару, дәріханаларды және тамақ өнімдерін, сусындар мен темекі өнімдерінің бөлшек саудасын қоспағанда, коммерциялық үй-жайларды жалға беру жатады. Олардың барлығы 2020 жылдың 1 шілдесіне дейін өз қызметкерлері үшін аударым төлеуден босатылды.
- Ал ШОБ бойынша қандай қызметтер босатылады?
Шағын және орта бизнеске де ірі бизнеске жататын қызметтер кіреді. Сондай-ақ, құқық саласындағы қызмет - заң кеңесшілері, нотариустар, адвокаттар, жеке сот орындаушылары, медиаторларды қосыңыз. Коммерциялық қызмет және басқару мәселелері бойынша консультанттар, туристік агенттіктер мен туроператорлар, санитарлық-эпидемиологиялық, ауруханалық және санаториялық-курорттық ұйымдар, мектепке дейінгі жеке меншік, бастауыш және орта оқу орындары, жеке дәрігерлік практика, стоматология, концерт және театр залдары, фитнес-клубтар, тоқыма және химиялық тазалау, шаштараз және сұлулық салондары да кіреді. Олардың барлығы 2020 жылдың 1 қазанына дейін жалдамалы қызметкерлер үшін аударымдар төлеуден босатылды.
- Жеке кәсіпкерлер МӘМС жүйесіне жарнаны қалай төлейді?
Егер ЖК жалдамалы қызметкерлері болса және қызметі ірі немесе шағын және орта бизнес санатына жатса, олар жеңілдік кезеңінде аударымдарды төлеуден толық босатылады. Өзге жағдайда жеке кәсіпкер өзі үшін ай сайын 1,4 ЕТЖ-ның 5% төлеуге міндетті, оның сомасы 2020 жылы 2 975 теңге.
Өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтар МӘМС қанша төлейді әне бұл санатқа кімдер кіреді?
Өзін-өзі жұмыспен қамтығандарға ЖК ретінде тіркелмеген, бірақ 1 175 АЕК дейін немесе жылына 3,2 млн теңгеге дейін табысы бар барлық жеке тұлғалар жатады. Мұндай азаматтар үшін арнайы оңайлатылған салық режимі – бірыңғай жиынтық төлем қарастырылған, осы арқылы бірден үш қорға – зейнетақы жинақтау, әлеуметтік сақтандыру және медициналық сақтандыруға қатысуға болады. Соңғы екі айда жүйеде 1,8 млн астам БЖТ төлеуші тіркелген.
Республикалық және облыстық маңызы бар қалаларда тұратын жеке тұлғалар үшін БЖТ мөлшері 1 АЕК немесе 2 651 теңге. Басқа елді мекендерде тұратын адамдар үшін - 0,5 АЕК немесе 1 326 теңге. Салық Кодексінің 775 бабына сәйкес бұл төлем 1 қаңтардағы АЕК мөлшеріне қарай белгіленеді.
Сондай-ақ, бұл төлемді әрбір есептік айда төлеу қажет екенін ескерген дұрыс. Өткізіп немесе алдын ала жасауға болмайды. Егер төлем қандай да бір себептермен дер кезінде төленбеген жағдайда, берешекті дербес төлеуші ретінде 1 ЕТЖ-дан 5% немесе 2 125 теңге төлеуге болады.
- Егер адам азаматтық-құқықтық сипаттағы және мезгілдік еңбек шарты бойынша жұмыс істесе?
АҚС шарт бойынша жұмыс істейтін жеке тұлға үшін салық агенті немесе қызметке тапсырыс беруші шарт сомасының 1% МӘМС жүйесіне ұстап қалады. Ұсталатын ақша 2021 жылы шарт сомасының 2% болады. Егер азамат еңбек шартымен екінші компанияда еңбек етсе, ол үшін жұмыс беруші медициналық сақтандыру Қорына аударымдар жасаса, онда ол негізгі жұмыс орнынан анықтама алып, АҚС шарт бойныша тіркелген компанияға көрсетуі тиіс. Бұл ретте, аударымдар ұсталған шекті табыс 10 АЕК немесе 425 мың теңгеден аспауы тиіс.
- Жұмыссыз және табысы жоқ азаматтар не істейді?
Мемлекет халықтың әлеуметтік осал топтарын 15 жеңілдік жасалған санатқа бөліп, оның ішінде жұмыссыз ретінде ресми тіркелгендерді анықтады. Олар ақша төлемейді, бірақ «сақтандырылған» деген мәртебесі бар.
Егер азамат жеңілдік жасалған санаттардың біріне жататын болса, бірақ жүйеде «сақтандырылмаған» деп шығып тұрса, Азаматтарға арналған үкіметке жүгіну қажет. Жалпы, мәртебе автоматты түрде беріледі.
- Егер азамат жеңілдік жасалған санатқа кірмесе, ЖК ретінде де тіркелмесе не істейді?
Мұндай жағдайда дербес төлеуші ретінде кез келген екінші деңгейлі банк, Касса24, Qiwi, Халық банк терминалдары, Kaspi мобильдік қосымшасы арқылы 1 ЕТЖ 5% немесе 2 125 теңге мөлшерінде жарна аудара алады.