25-26 қыркүйек аралығында Астанада Орталық Азия мен Шығыс Еуропа елдерінің «Психикалық денсаулық: Cтереотиптерді бұзу, ақиқатты ашу» атты Субөңірлік форумы өтуде.
Форум 2022-2025 жылдарға қойылған Орталық Азиядағы денсаулық пен әл-ауқатты қолдау бойынша жол картасының мақсаттарына жету үшін өткізіледі және ол Орталық Азия (Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түрікменстан, Өзбекстан) мен Шығыс Еуропа (Ресей, Беларусь, Армения, Әзірбайжан) елдері үшін алғаш рет психикалық денсаулық тақырыбындағы мәселелерді ілгерілету бойынша тәжірибе алмасу және қол жеткізілген жетістіктерін талқылайтын алаңына айналды. Бұл 74-ші Дүниежүзілік денсаулық сақтау ассамблеясында қабылданған Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының (ДДСҰ) психикалық денсаулық саласындағы кешенді іс-қимыл жоспарының міндеттері шеңберінде ұйымдастырылады.
«ДДСҰ бағалауы бойынша, қазірдің өзінде әлемде 1 миллиардтан астам адам қандай да бір психикалық ауытқушылықпен өмір сүреді. Сонымен қатар, көмектің қолжетімділігі өте төмен және ол салынған күш-жігерге қарамастан, талаптарды орындауға үлгермей жатыр. Сол талпыныстардың бірі - диалог пен тәжірибе алмасу - өте маңызды, және бірінші рет осындай форматта Орталық Азия және Шығыс Еуропа елдері жиналып отыр, олардың барлығын бүгінгі заман мен сын-қатерлерге әрдайым сай келмейтін психикалық денсаулық саласындағы ортақ тарих пен тәсілдер біріктіреді», - деп ДДСҰ-ның Қазақстандағы өкілдігінің психикалық денсаулық жөніндегі кеңесшісі Николай Негай мәлімдеді.
Іс-шараға тоғыз елдің психикалық денсаулық саласындағы жетекші мамандары, сондай-ақ ДДСҰ, БҰҰ ЕҚБ және БҰҰ Балалар қоры (ЮНИСЕФ) мамандары қатысады.
Форум алаңында саясат, стратегия, стигма, психикалық денсаулық саласындағы көмек пен цифрлық тәсілдердің қолжетімділігі, позитивті ата-ана болып қалыптасуы мен ата-аналардың эмпатиялық күтім көрсету мен қамқор болу дағдыларын дамытуы, зорлық-зомбылықсыз тәрбие беруі, нашақорлық мәселелері және вакцинация ерекшеліктері жайында түрлі сессиялар өтуде.